Көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық аясында Түркістан облысы биыл ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән беріп отыр. Нұралхан Көшеров Үкімет отырысында өңірдегі дайындық барысы туралы баяндап, нақты көрсеткіштерді жария етті.
Оның айтуынша, 2026 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 8 мың гектарға ұлғайып, жалпы 919 мың гектарға орналастырылады. Егіс құрылымына сәйкес, мақта алқабы 17 мың гектарға, жүгері 15 мың гектарға, мақсары 16 мың гектарға артады. Ал су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында күріш 7 мың гектарға, бидай 25 мың гектарға қысқартылмақ. Климаттық ерекшелікке байланысты жер жырту және сор шаю жұмыстары қаңтар айынан басталып, қарқынды жүргізілуде. Ерте пісетін көкөніс дақылдарын 15 мың гектарға егу жоспарланса, бүгінде оның 4,5 мың гектары игерілді. Жалпы ерте өнім бойынша 193 мың тонна қырыққабат, 36 мың тонна сәбіз, 35 мың тонна пияз және 153 мың тонна картоп жиналады деп күтілуде. Бұл көлем облыстың ішкі қажеттілігінен 2–3 есе артық. Артық өнім өзге өңірлерге жөнелтіледі. Дала жұмыстарына қажетті тұқым, минералды тыңайтқыштар және қаржылай қолдау мәселесі де назардан тыс емес. Жаздық дақылдардың тұқымымен шаруалар толық қамтамасыз етілген. Отандық зауыттармен келісім негізінде минералды тыңайтқыштар жеткізу көлемі айқындалған. Биыл жол картасына сәйкес 204 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіруге 36,8 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 7,2 млрд теңгеге 331 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар дала жұмыстарына қажетті техникалар мен агрегаттардың дайындығы 98 пайызды құрайды. Жалпы, өңірде көктемгі дала жұмыстары жүйелі жүргізіліп, аграрлық маусымға толық дайындық жасалуда.









