24 ақпанда өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы пысықталды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мақта мен күріш егілетін алаңдарға қатысты түсінік берді.
— Республиканың оңтүстік өңірлерінде күріш пен мақта сияқты суды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын оңтайландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы, су пайдалану лимитіне сәйкес күріш алаңы 20,2 мың гектарға қысқартылды, — деді Айдарбек Сапаров.
Сала министрінің айтуынша, мақтаның егістіктері 162,4 мың гектар болып, оның ішінде тамшылатып суару алаңы 29,8 мың гектарға көбейеді, ал дәстүрлі суару әдістері қолданылатын алаңдар 12 мың гектарға қысқарады.
— Жоғарыда аталған егіс алқаптарының құрылымы ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде өнім алуға мүмкіндік береді. Осы орайда 2026 жылға арналған осы құрылымды және әртараптандыру бойынша жаңа индикаторларды бекіту ұсынылады, — деді министр.









