Кәрімбек Құрманәлиев Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Құрметті профессоры» атанды. Белгілі ғалым оқу ордасының студенттері, магистранттары және докторанттарымен кездесті. Кездесу барысында білім мен ғылымның маңызы, жастардың ізденіске құштарлығы және сапалы білімнің жетістікке жету жолындағы рөлі сөз болды. Жылы жүздесуде ғалым өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға мотивация берді.
«Сапалы білім – жетістіктерге жету жолы» тақырыбында өткен ашық кездесуде ғалым білім мен ғылымның қоғамдағы рөліне, жастардың ғылыми ізденіс пен кәсіби дамуға ұмтылуына ерекше тоқталды. Кездесу барысында адами капиталды дамыту, ғылым мен білімнің жаңа бағыттары, жастарды ғылыми ізденіске тарту және білікті кадр даярлау мәселелері кеңінен талқыланды. Шара «ашық микрофон» форматында өтіп, студенттер өз ойларын еркін жеткізіп, сұрақтарына нақты жауап алды. Жастарға бағытталған осындай жүздесулер — болашақ мамандардың ой-өрісін кеңейтіп, ғылымға деген сенімін арттырады.
Кездесу соңында ғалым университеттің бір докторантына жетекшілік етуге уәде беріп, жас зерттеушілерге қолдау білдірді. Бұл шешім студенттерге үлкен шабыт сыйлады. Мұндай келелі кездесулер жастарды ғылым мен ізденіс жолына бағыттап, сапалы білімнің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.