Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына – 103 жыл. Осыған орай Шымкентте тағылымды шара өтті. Қайраткердің ескерткішіне гүл қойылып, рухына тағзым етілді. Сондай-ақ №77 мектеп-лицейінде оқушылар концерттік бағдарлама ұсынып, музейдегі құнды жәдігерлер таныстырылды. Асқаровтың елге сіңірген еңбегі – өскелең ұрпаққа үлгі. Қайраткердің елге сіңірген еңбегін еске алған бір топ азамат ең алдымен ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бұл – ардақты тұлғаның өнегелі өміріне тағзым етудің белгісі. Жиналғандар оның ел дамуына қосқан үлесі мен азаматтық болмысына тоқталып, игі естеліктерімен бөлісті.
Асанбай Асқаров Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға ерекше үлес қосты. Оның бастамасымен көптеген мектеп, мәдениет ошақтары мен тұрғын үйлер салынды. Әсіресе Шымкенттің өркендеуіне жасаған еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Мемлекет қайраткерінің есімін иеленген №77 мектеп-лицейінде де айтулы күнге арналған шара өтті. Мұнда оқушылар арнаулы бағдарлама дайындап, өз өнерлерін ортаға салды. Мектеп ұжымы да Асанбай Асқаровтың қайраткерлік жолын жас буынға үлгі етуге ерекше мән беріп келеді.
Қонақтар алдымен мектеп музейін аралап, тарихи суреттер мен құнды жәдігерлерді тамашалады. Асқаровтың қызмет жолы, еңбектері мен елге жасаған игілікті істері туралы тың деректер ұсынылды. Сондай-ақ кітапхана қорымен танысып, қайраткерге арналған әдебиеттер мен еңбектерді көрді. Айта кетейік, бұл мектепте жыл сайын Асанбай Асқаровтың туған күні кең көлемде аталып өтеді. Өмірін халыққа арнаған тұлғаның есімін ұлықтау арқылы жас ұрпақты еңбекқорлыққа, елжандылыққа тәрбиелеу – басты мақсат.