Мектептің алшақтығы, жол мен жарықтың жыры, атауы мен құжаты жоқ үйлер. Арғымақ шағын ауданында қордаланған түйткілдер аз емес. Қала әкімінің Тұран ауданындағы кездесуінен кейін, аудан басшысы тұрғындармен тағы бір мәрте жүздесті. Ашық сұхбат барысында халық көкейіндегі сауалын қойып, билік өкілдері нақты жауап берді. Соңғы 4-5 жылда халық жаппай қоныстанып жатқан Арғымақ шағын ауданында 250-ге жуық үй бар. Инженерлік инфрақұрылымның негізгісі орнатылғанымен, шеткі көшелерге жетпей қалған. Аудан әкімімен кездесуге келген халық мәселесін осыдан бастады.
Арғымақта мектеп, балабақша жоқ. Тіпті басы ауырып, балтыры сыздаса, тұрғындар қайда барарын білмей дал болады. Кездесуде бұл мәселе айтылмай қалмады. Дегенмен, өзекті бұл тақырыпқа қатысты әкімдіктің де өз айтары бар. Сонымен, әлеуметтік нысандар жуық арада салына қоймайды. Ақ жағалылар құрғақ уәде беріп, елге бос үміт сыйламаймыз дейді. Себебі, қазынаның қаржысын қайда, қалай бөлетіні жылдық жоспарға сай есептелген. Есесіне, шағын ауданды абаттандыратын ойын алаңшаларын салуға әзір.
Жергілікті халық тым болмаса жақын маңдағы мектепке қатынайтын қоғамдық көлікті көбейтсе, тұрғылықты жеріміздің негізгі көшесіне қарай автобус келсе деп армандайды. Бірі баласын қалаға қарай жетектесе, енді бірі Арғымақтан әріде орналасқан Құлагер, Ақжарға қарай барады.
3 жыл бұрын негізі қаланған ауданда 220 мыңнан астам халық тұрады. 21 елдімекеннен тұратын ауданға келген Ғабит Сыздықбековке Тұран ауданының халқы 46 мәселені ұсынған. Бұл мәселелер қалай шешілмек? Аудан әкімі жауап берді.
Жол инфрақұрылымы, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандардың жай-күйі жан-жақты талқыланды. Әр мәселе бойынша жауапты мамандарға тапсырма беріліп, шешу жолдары хаттамаға енгізілді.