Биыл үшінші мегаполисте 27 мыңнан астам бала алғаш рет білім ошағының табалдырығын аттады. Солардың қатарында №145 жаңа мектепке қабылданған оқушылар да бар. Бүгінде мемлекет тарапынан білім сапасын арттыруға, мектеп инфрақұрылымын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде бой көтерген жаңа білім ордасында 1581 оқушы білім алуда. Оның 200-і – мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіндер. 1 қыркүйек – жаңа оқу жылының басталуы мен Білім күніне орай Шымкент қаласының барлық білім беру мекемелерінде ерекше қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күйге толы салтанатты жиындар өтті. Бұл – тек оқушылар мен ұстаздар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды мереке. Себебі білім – ұлттың болашағы, елдің кемел келешегіне апарар сара жол. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов арнайы қатысып, жас ұрпақтың алғашқы қадамына куә болды. Ол өз сөзінде ұстаздар қауымын, ата-аналарды және оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім саласындағы алдағы міндеттер мен үміттерге тоқталды.
Қоңырау үні әсем әуенмен шалынып, оқушыларға білім әлеміне есік ашты. Әсіресе бірінші сыныпқа алғаш қадам басқан бүлдіршіндердің қуанышы мен толқынысы мерекеге ерекше әр берді. Мектеп ауласында өткен салтанатты жиындарда оқушылар тақпақ оқып, ән шырқап, ұстаздарына арнап жылы лебіздерін білдірді. Жаңа оқу жылы ата-аналар мен оқушылар үшін ерекше толғаныспен басталды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәт – әр отбасы үшін маңызды әрі қуанышты оқиға. Ұстаздар қауымы да оқу жылына тың дайындықпен келіп, шәкірттерге сапалы білім беруге және оларды биік мақсаттарға жетелеуге әзір екендерін көрсетті. Басты міндет – білім беру сапасын арттырып, жас ұрпақты заманауи талаптарға сай тәрбиелеу.