Шымкентте қаңғыбас иттердің қаптауы — тұрғындарға зардап тигізуде. Қауіп төндірген бұл иттер балаларға шабуылдап, елдің үрейін ұшыруда. Өкініштісі, қазіргі заңнама бойынша қаңғыбас иттерді атуға немесе басқа да қатаң шара қолдануға тыйым салынған. Бұл мәселе Amanat партиясының құқықтық көмек жобасы аясында өткен жеке қабылдауда көтерілді. Тұрғындар тек ит мәселесін ғана емес, шешімін таппай жүрген басқа да әлеуметтік түйткілдерді ортаға салды.
Еңбекші ауданына қарасты Бадам-2 тұрғын алабында өткен қоғамдық қабылдау барысында мәслихат депутаттары, салалық басқарма басшылары мен аудандық әкімдік өкілдері тұрғындарды жеке-жеке қабылдап, олардың әрқайсысының көтерген мәселелеріне мұқият назар аударды. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі ауыл ішінде қаптап кеткен қаңғыбас иттердің қауіп төндіріп отырғанын айтып, осындай жағдайларға қатысты нақты жаза қолдану қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, бұл мәселені заңдық тұрғыдан қайта қарап, тиісті шаралар қолға алынса дұрыс болар еді .
Бұдан бөлек, Досметов көшесінің бір тұрғыны ауыл іші қоқысқа толып кеткенін айтып, бұл санитарлық ахуалдың ушығуына алып келуі мүмкін екенін жеткізді. Ол осы мәселені шешу мақсатында әкімдік тарапынан нақты жұмыстар жүргізілуін талап етті. Қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелерді тыңдап шыққан Amanat партиясының өкілі барлық айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға тіркеліп, әрбір сұрақ бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштері партия бақылауында болатынын да атап өтті.