Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған 10 күндік іс-шаралар легі басталды. Ауқымды бағдарлама аясында «Абай мұрасы – халық даналығы» атты жалпы республикалық әдеби кеш өтті. Кеште өнерпаздар Абайдың әндерін шырқап, өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын кең көлемде атап өтуді тапсырған болатын. Осыған орай республика бойынша түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі әдеби кеш қаланың орталық саябағында өтіп, тұрғындар мен қонақтарға арналған ерекше рухани шараға айналды.
Кеш барысында Абайдың қолжазбалары мен сирек деректерінен құрастырылған бірдегей басылым таныстырылды. Аталған кітаптың тұсаукесері ұлы ойшылдың туған күнінде – Абай елінде өтетін салтанатты жиында ресми түрде кесілмек.
Аталған еңбекті жарыққа шығару үшін 10 жылға жуық уақыт жұмсалған. Кітапты М.Әуезов атындағы университеттің «Мұхтартану» ғылыми орталығының жетекшісі, абайтанушы Ақжол Қалшабек пен белгілі зерттеуші Әзімхан Исабек бірлесіп жазған. 712 беттен тұратын бұл құнды еңбек «Самға» баспасынан 2 мың дана таралыммен басылып шықты.
Сондай-ақ, шараға қаламыздағы Абай атындағы кітапхананың қызметкерлері арнайы қатысып, көрме ұйымдастырды. Қазіргі таңда кітапхана қорында Абай шығармалары мен оның аудармаларының мыңнан аса нұсқасы сақталған. Аталған мекеме жыл сайын ақынның туған күніне орай «Абай оқулары» сайысын өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы байқау республикалық деңгейде өтіп жатыр. Елдің әр өңірінен қатысушылар онлайн форматта өз туындыларын жолдаған. Жарыстың алғашқы кезеңі өз мәресіне жетіп, 10 тамыз күні жеңімпаздар анықталатын болады. Мұндай мазмұнды да мәнді шаралар – Абай атамыздың өшпес мұрасын ұрпаққа насихаттап, ұлттық рухты көте