Шымкентте Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай жастарға арналған концерт ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара “Shymkent City Park” саябағында “Таза өмір – сенің таңдауың” атты ұранмен өтті. Концерт “Есірткісіз Қазақстан” акциясы аясында, сондай-ақ қоғамда “Заң мен Тәртіп” идеологиясын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті билік, жастар ұйымдары, еріктілер мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Сахнада арнайы ақпараттық стендтер мен есірткіге қарсы бағыттағы баннерлер орнатылып, келушілерге профилактикалық жадынамалар таратылды.
Концерт барысында есірткі құралдарының зияны, олардың салдары, сонымен қатар нашақорлық үшін көзделген заңдық жауапкершілік туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау, есірткіге қарсы күрес және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында белсенділік танытқан бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.
— Есірткіге қарсы күрес – полицейлер үшін тек қызметтік міндет қана емес, ол – халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған күнделікті жұмыс. Нашақорлықтың алдын алуда әр азаматтың белсенділігі маңызды. Бұл айлық аясындағы бірлескен іс-әрекетіміздің оң нәтиже беретініне сенемін. Баршаңызға алғысымды білдіремін, — деді іс-шара барысында ұйымдастырушылардың бірі.
Айта кетейік, аталған концерт жастарды дұрыс таңдау жасауға үндеп, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.