ОҚПУ-де “АЭС: өзекті мәселелерді шешу жолы” тақырыбында лекция жиыны өтті. Онда атом электр стансысын салу туралы жалпыұлттық референдум мәселелері талқыланды. Ядролық физика институты ғалымдарының айтуынша, атом электр стансысы ел экономикасына мультипликативті әсер етеді. Одан бөлек, АЭС құрылысы кезінде 10 мыңға жуық жұмыс орны пайда болады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, соның кемінде 50%-і жергілікті тұрғындардан алынады. «Бір атом электр стансысы 10-15 жылда өзін-өзі ақтайды және елге ең кемі 60 жыл бойы қызмет ете алады», – дейді ғалымдар.
Университеттің үздік ғалымдары атом энергиясының артықшылығы жайында студенттермен ой бөлісті. Экономиканы дамыту үшін орасан зор қуат көзі қажет. Дамыған мемлекеттердің барлығында атом электр станциясынан алынатын энергияның таза әрі қауіпсіз екені дәлелденген. Жиында Жолдаудың басқа да маңызды тұстары талқыланды.
Басқа қатысушылар да АЭС құрылысының өзектілігі, оның әлеуметтік-экономикалық даму, оның ішінде энергетикалық кешенді ұлғайту, адамдардың өмір сүру сапасын арттыруда маңыздылығын атап өтті. Қоғамдық талқылаулар барысында азаматтар өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да сұрақтар қоя алды.
Бұл іс-шарада экология, денсаулық, табиғи-климаттық факторлардың атом электр станцияларына әсері, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Мамандардың айтуынша, атом энергиясы басқа баламалы түрлеріне қарағанда, көміртегі жоқ энергияға жатады. Энергияның бұл санатына күн, жел энергиясы да кіреді. Бұларды басқаша «жасыл энергия» деп те атайды, өйткені зиянды шығарындылар жоқ екен. Ғалымдар атом реакторларында қауіпсіздік жүйелері толық жасалынғанын және ең озық үлгісімен салынатынын алға тартады.