Жол апатынан қайтыс болған 18 жастағы жігіттің жүрегі орта жастағы науқасқа салынды. Шымкентте «Жүрек» орталығының дәрігерлері жүрек трансплантациясын сәтті жасады. Жүрегін алмастырған науқас – қаланың 58 жастағы тұрғыны. Дәрігерлер пациентке күні кеше жол апатынан қаза тауып, 4 ағзасы мұқтаж науқастарға бөлінген 18 жасар жігіттің жүрегін салып берді. Отадан кейін науқас реанимация бөлімшесіне ауыстырылды. Дәрігерлер жүрегі алмастырылған пациент есін жиып, жағдайы жақсарғанын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында қайтыс болған 18 жастағы жігіттің ағзасы 4 науқасқа салынады. Марқұмның бір бүйрегі облыстық клиникалық ауруханада қалса, екіншісі Алматыға жөнелтілмек ал, өкпесі Астана қаласына жіберіледі деп күтілуде. Айта кетейік, мәйіттен алынған жүрек трансплантациясы Шымкентте осымен екінші рет жасалынып отыр. Бұл жолы қаладағы «Жүрек орталығының» қызметкерлері ағза алмастыру отасын өздері жасаған. Мұндай жоғары технологиялық операциялар мемлекет тарапынан тегін жасалады.