Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары «Гранит» ЖШС арнайы конструкторлық-технологиялық бюросының өндірістік базасында тәжірибеден өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Курсанттар тәжірибелі радиоинженерлердің жетекшілігімен дәнекерлеу негіздерін тереңірек зерделеуге, құрылымдық, функционалдық және принциптік схемаларды оқуды үйренуге мүмкіндік алды.
– Конструкторлық-технологиялық бюродағы практикалық дағдылардан бөлек, курсанттар ұжымдық жұмыс дағдыларын игерді деуге болады. Бұл олар үшін дайындықтың маңызды элементі болып табылады. Радиоинженерлік сала мамандарымен бірлескен жұмыс курсанттарға өздерін нақты өндірістің бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік берді, – деді арнайы пәндер кафедрасының бастығы подполковник Қайыртай Исабаев.
Айта кету керек, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мен «Гранит» ЖШС арасында екі жақты меморандум бар. Ынтымақтастық жоғары білікті радиоинженер мамандарын сапалы оқыту мен дайындау үшін жаңа көкжиектер ашып, олардың одан әрі кәсіби өсуіне берік негіз болмақ.