Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған Ғабит Сыздықбеков алғашқы жұмыс күнін біріңғай қабылдау өткізуден бастады. Әкімдік жанында орналасқан Көрме орталығы ғимаратында өткен қабылдауға арызын арқалаған қала тұрғындары жиналып, қала басшысының алдында мәселесін көтерді.
Одан бөлек, мегаполистегі 5 ауданның әкімдері мен барлық басқарма басшылары да осында қабылдау жүргізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әр айдың алғашқы сәрсенбісіне бекітілген бірыңғай қоғамдық қабылдау жаңа әкімнің алғашқы жұмыс күніне тұспа-тұс келді. Қызметіне жайғасып үлгермеген қала басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы жоспарлы кездесуге уақытылы келіп, халықты қабылдады. Таңғы 9:00-ден басталған қабылдауға келушілер қатары көп. Барлығы да жаңа әкімге үміт артып, қордаланған мәселесі шешімін тапса дейді.
Сонымен қатар, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына келушілер де аз емес. Ешқайда бармай-ақ, бір жерден бірнеше мекеме басшыларынан жауап алуға мүмкіндік алған тұрғындар көбіне баспана, жол және қоғамдық көлікке қатысты проблемаларын көтерді. Мәселен, Қаратау ауданына қарасыты Таскен елдімекенінің тұрғындары Майра Омарова мен Жанна Мұратова өздері тұратын көшеге ешқандай асфальт жолдың түспегеніне наразы. Жаңбыр жауса, суға толатын шағын көшеден мектеп оқушыларынан бөлек, үлкендер әрең өтеді дейді.
Ал, Сайрам елдімекенінің тұрғыны Гүлмира Бердалиева 60-қа жуық ата-ананың арызын арқалап, әкімге келді. Жаңа қала басшысына қоғамдық көлік мәселесін жеткізіп, оқушылардың мектепке қатынауын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етсе дейді. Өтінішім жерде қалмай, мәселеміз шешімін табады деген үміті үлкен.
Сонымен қатар, 20 жылдан бері асфальт жолды аңсап келе жатқан Қызылжар елдімекенінің бір топ халқы Абай ауданы әкімдігіне қайта өтініш жазуға келіп отыр. Әр жыл сайын «Келесі жылы» деген құрғақ уәдені естуден шаршаған тұрғындар бұл жолы да осы жауапты алыпты. Ал, жарық мәселесі биыл шешімін табатынына қуанышты. Қоғамдық қабылдау арқылы қараша халықтың мәселесі билікке тікелей жетіп, оң шешімін табуын жылдамдататыны анық.










