Кәсіподақ – еңбек ұжымдарындағы сан түрлі қызметті ұйымдастырушы, қарапайым жұмысшылардың мүддесін қорғаушы қоғамдық ұйым. Еңбек адамдарының арасында жүріп, олардың мұң-мұқтаждарын жедел шешуге атсалысатын да кәсіподақ. Еңбек қатынастарын реттеу кезінде кәсіподақтардың рөлі мен қызметі айрықша. Шымкентте еңбек дауын шешу тәртібі туралы брифинг өтіп, бірқатар мәселенің беті ашылды.
Кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті – жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқығын қорғауға, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына жұмыс істейді. Ұжымда еңбек заңдылығы бұзылып жатса, мәселені ушықтырмай, оны жұмыс берушімен реттеуге, жазатайым оқиға болған жағдайда еңбек адамына қолұшын беріп, көмектесуге кәсіподақ келеді.
Соңғы кездері ұжымдық еңбек даулары елімізде әлеуметтік шиеленіс ошағына айналуда. Ал, әлеуметтік шиеленіс қоғамдық-саяси тұрақтылыққа кері әсер ететіні сөзсіз. Ұжымдық еңбек дауларына көбіне жұмыскерлердің алып отырған жалақысына қанағаттанбауы және оның уақытылы төленбеуі, тиісті еңбек жағдайларының жасалмауы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп.
Еңбек даулары екі сатыда — тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қаралады. Тараптардың келісімімен еңбек дауларын келісім комиссиясы қарауы мүмкін. Келісім комиссиясы негізінен мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен құрылады.Келісім комиссиясының арыз берушінің талабын қанағаттандырған шешімін қарсы тарап үш күн мерзімде орындайды. Егер де қызметкер келісім комиссиясының шешімімен келіспесе үш айдың ішінде еңбек дауы бойынша сотқа арыздануға құқығы бар.
«Айғақ-ақпарат»