Зейнет жасы – кемеліне келген тұлғаның кәсіптік қызметтен босап, бейнетінің зейнетін көретін кезі. Егде жастағылар өз уақыты келгенде көп күткен «құрметті» демалысын алып, зейнетке шығады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес елімізде зейнет жасы ерлер үшін 63 жас болса, әйел азаматтарға 61 жас. Өмір бойғы қажырлы еңбегінің қазынасын көру – бір бақыт. Алайда көпшілік өзінің зейнетақы жинағының қанша екенін білмей, көп мүмкіндіктерден хабарсыз болып жатады. Ал зейнетақы төлеміне де әр жыл сайын өзгерістер еніп, оның мөлшері де жиі өзгеріп отыратыны тағы бар. Осы тұста мемлекеттің кез-келген азаматы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамына жүгіне алады. Аталмыш мекеменің бір күні қалай өтеді?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бір филиалы Түркістан төрінде, Бекзат Саттархановтың есімі берілген көше бойында орналасқан. Ғимарат сыртында мекеменің атауы жазылған үлкен тақтайша ілінген, әрі жаяу жүргіншіге ыңғайлы жолақ та бар. Көлік тұрағы мен қоғамдық көлік үзіліссіз қатынап тұр. Бұл облыс жұртшылығы үшін өте ыңғайлы.
2 миллион халқы бар облыста бұл филиал 2020 жылы ашылған. 3 жыл бұрын кішкентай ғимаратты иемденген мекемеде алғашында небәрі 24 қызметкер болса, бүгінде ұжымда 51 маман жұмыс істейді.
Таңғы 9:00-де ашылатын есіктен кіре сап, көзіміз бірден келуші кезегін анықтайтын арнайы аппаратқа түсті. Нөмірленген талонды алғаннан соң күту залындағы орындықтарға жайғасып, электронды тақтайшадан кезегіңізді қарай аласыз.
Қызмет көрсету бөлімдеріндегі мамандар салымшының кез келген сауалдарына жауап беріп, көмек көрсетуге дайын. Әр келушіге 4-5 минут уақыт арналады екен. Жылдам әрі сапалы қызметтің арқасында сағаттап кезек күтіп тұрғандар жоқ. Сауалына жауап алып, мәселесін бірер минутта шешіп жатыр. Мұндағы қызметкерлер де келген азаматтарды жылы жүзбен қарсы алып, өтінімдерді қабылдап жатыр.
Облыстық филиал әуел баста Кентау қаласы, Бәйдібек ауданы, Созақ және Отырар ауданының халқына қызмет көрсеткен. 2021 жылдың аяғы мен 2022 жылдың басында қарқынды еңбектің арқасында қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсартып, қамту аймағы кеңейген. Бүгінде Түркістан облысындағы филиал бөлімшелері 13 аумақта орналасқан. Оның 9-ы қызмет көрсету орталықтары, 3-ауданда қашықтан жұмыс жасайды. Түркістандағы филал Кентау, Шолаққорған, Бәйдібек ауданы, Шаян, Шардара, Шәуілдір, Жетісай, Абай, Сарыағаш, Қазығұрт, Темірлан мен Арыс аймақтарына қызмет көрсетеді. Алайда алыс-жақын аймақтың тұрғындары облыс орталығына міндетті түрде келуі тиіс дегенді білдірмейді. Бірнеше аудан мен ауылдарда қызмет көрсету орталықтары да жұмыс жасайды. Ол жақта қызмет көрсететін 2-3 маман бар. Ал қашықтан қызмет алғысы келетін салымшыға да түрлі мүмкіндіктер қарастырылған.
Филиалдың негізгі жұмысы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түскен зейнетақы жарналарын есептеп, әр адамның есепшотын қадағалау. «Өз дерегімді тексергім келеді» деген салымшыға өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да жұмыс жасап тұр. Ғаламтормен қамтылған компьютерде Қордың ресми сайты ашық. ЖСН нөмірін жазып, жеке порталға кіруге мүмкіндік бар. Бұл да халықтың көңілінен шығып, алғыс алуда.
Жақсы жұмыстың артында білікті ұжым мен сапалы басшы болары анық. Түркістан облыстық филиалының басшысы — Қайрат Кенбаев. Ол бұл қызметке 2021 жылдың 1 сәуірінде кіріскен. Басшының сөзінше мұндағы әрбір қызметкер салымшының қаржылық сауаттылығын арттыруда үлкен еңбек етіп келеді. Себебі кей тұрғындар зейнетақы қорында өзінің жинағы барын білмейді, білсе де өзіне тиесілі қаражат мөлшерінен хабарсыз.
— Соңғы уақытта зейнетақыға байланысты бірқатар өзгерістер енген. Филиалдың ұжымы заңнамадағы жаңа өзгерістерді халыққа қарапайым тілде түсіндіріп, көмек қолын созуға асық. Бұл тұста әр аптада түрлі ауданға аттанатын барып қызмет көрсету бөлімнің қызметкерлеріне жүктелер міндет пен жауапкершілік ауыр, – дейді Қайрат Сейсенбекұлы.
Иә, шын мәнінде Қор кеңсесіне келушілер қарасы көп. Мекеме қызметкерлері дүйсенбіден жұмаға дейін түскі үзіліссіз қызмет көрсетеді. Мұндағы 51 қызметкердің әрбірінің өзіне тиесілі міндеті бар. Бірі азаматтармен жүзбе-жүз тілдессе, енді бірі телефон арқылы жұмысын жүргізіп отыр. Байланыс бөлімінің қызметкерлері қоңырауға жауап беріп, зейнетақы, міндетті төлемдер, құжаттарға байланысты кез келген сұраққа жауап береді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Түркістандық филиалының нөмірі үнемі қосулы: 8(72533)63540. Сондай-ақ орталықта көрсетілетін қызметтердің 90%-ы онлайн форматта қолжетімді. Басшының сөзінше электронды жүйеге көшу — халықты әбігерге түсірмейтін тәсіл.
Мұндағы күнделікті жұмыстар қатаң бақылауда болады. Кезекті жұмыс күнінің жоспары тізілетін таңғы жиналыстан соң, басшы арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізіп, аудандарға қоңырау шалады. Коммуникация жақсы дамыған жерде сапалы жұмыстың жүзеге асырылатыны анық.
Жергілікті органдармен де байланыс тығыз. Халықтың қамы үшін атқарылатын жұмыстарда қажетті ақпарат жариялап, бұқараны жинауда аудан, қала әкімшіліктерінен көрсетілер көмек те қомақты.
Кіріс-шығыс хаттары, өзге елдің азаматтарынан түскен хаттар, Қазпоштамен байланыс сынды құжаттармен бақылау бөлімінің маманы Мәншүк Әуелбекова айналысады. 15 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан қызметкер өз жұмысының хас маманы.
— Күнделікті келген хаттарға жауап беріп, басқа аудандардағы салымшыларды бақылап отырамын. Қызмет көрсету орталықтары мекемеге барған кезде хаттамаға қол қойдырып, жұмыс негізін көрсетеді. Ал сол құжаттар маған келіп, барлығын қабылдау маған жүктелген міндет. Шетел азаматтары бірнеше уақыт бұрын көптеп елімізге жұмыс жасауға келген болатын. Сол азаматтардың құжаттамаларын да тексеріп отырамын. Жалпы жұмысым қиын әрі жауапты болғанымен де бірнеше жыл бойы тәжірибе жинап, бүгінде еш қиындықсыз атқарып жүрмін, – дейді бақылау бөлімінің маманы Мәншүк Әуелбекова.
Филиалда барып қызмет көрсету бөлімінің де жұмысы жақсы жанданған. 4 қызметкерден тұратын аталмыш бөлімнің міндеті өзгелерге ұқамайды, бір орында отырмайды. Яғни, көмекті қажет ететін азаматтарға арнайы көлікпен барып, сұранысын қанағаттандырады. Ол үшін 1 мобильді кеңсе қарастырылған. Ноутбук, принтер мен қызметкерден тұратын көлік кез келген шақыртуға аттануға дайын. Көбіне сұраныстар алыс-жақын ауылдағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалы аналардан түседі. Осы бөлімде жұмыс жасайтын Әйгерім Қасымбекова өтінім келіп түскен соң бірден белгіленген нысанға жол тартатындығын айтады.
Түркістандағы филиал түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында да бірқатар шараларды жүзеге асырып келеді. Сайт пен жергілікті басылымдарға мақала, хабарландыру, деректер жариялап, халықпен тығыз байланыс орнатқан. Әр тоқсан сайын филиалда «Ашық есік» күні өтіп отырады. Пандемияға дейін халықты жинап, офлайн кездесулер өтсе, 2021 жылдан бері бұл жиын онлайнға ауысқан. «Ашық есік» күні туралы ақпаратты 1 ай бұрын жариялап, тұрғындарға бірнеше рет хабарландыру тарайды. Сол себепті қызығушылық танытқан салымшы кез-келген сауалына бірден жауап алып, мәселесін шешуге мүмкіндік алады. Қайрат Сейсенбекұлының сөзінше, Қор тек ашықтықты қолдайды. Жасалған жұмыстар да Зейнетақы қорының ресми сайты – «enpf.kz»-те жарияланады. Сонымен қатар тұрғындардан жиі сауалнамалар алынып, жұмыс деңгейі анықталып отырады.
Халық үшін қызықты сауалдардың бірі – біржолғы төлемдер мәселесі. 2021 жылдың қаңтарында енгізілген бұл жаңалық Түркістан облысының да халқын елең еткізген. Операциялық бөлімнің басшысы Салтанат Тулемисованың айтуынша облыс жұртшылығы ақпаратқа қанық. Аймақ азаматтары біржолғы төлемдерін үй алу және денсаулық сақтау саласына арнап жатады екен.
Адамдармен тығыз байланыс жасайтын мекеме соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Еш кедергісіз қызмет алғанына халық та дән риза. Қордың қызметін пайдаланушылардың бірі 52 жастағы — Зульфия есімді азаматша.
— Мен бұл жаққа жиі келе бермеймін. Өзім орталықтан қашықта тұрамын. Келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Көршілерімнен де естіп жатамын. Үйге шақырсаң да дереу келеді. Әрине, бұл кісілердің де жұмысы қауырт. Сондықтан босқа мазалауға болмайды. Жалпы бүгін орталыққа жолым түсіп келіп, осындағы өзімнің шотымда қанша ақша барын білгім келді. Кеңсенің іші жанға жайлы, ауасы салқын екен, кезек күтіп әбігерге де түспейсің.
4 бөлімге теңдей көңіл бөліп, қызмет сапасын жақсартуды ойлайтын басшы ұжым арасындағы сыйластықты назарда ұстайды. Айына 1-2 рет тимбилдинг өткізіп, әріптестерін спортпен айналысуға да шақырады. Жұмыспен қатар салауатты өмір салтын ұстануды ұжымға дәріптейтін басшы:
— Бізге күніне көптеген адам келеді. Әрқайсысының мінезі алуан-түрлі, оның үстіне біз тек отырып, бір орыннан тапжылмай жұмыс жасаймыз. Бұл – денсаулыққа да зиян. Осы мақсатта жиі спортпен шұғылданып, түрлі шараларды, мерекелерді ұйымдастыруға шақырамыз. Ұжымда жанашыр, білікті әрі көңілді мамандар жиналған. Тіпті кабинетіме гир тастарын да әкеліп қойғанмын,- дейді.
Жалпы «БЖЗҚ» акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалында жұмыс қызу жүріп жатыр. Тіпті 1 минут үзіліс жоқ. Бастысы қызметкерлердің бәрі қарапайым, халықтың игілігі үшін барын салып еңбек етуде. Білікті мамандар жиналған бұл мекеменің жұмысы әлі де жандана бермек!