Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде бюджет қаржысына басталып, әртүрлі себептермен аяқсыз қалған жобаларға талдау жүргізілді. Басым бөлігінің құрылысы басталмай, құжат күйінде қалған. Бірқатары демеушілер есебінен жүзеге аса бастаған. Мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан созылған құрылыс нысандарына қатысты істер сотта қаралуда. Бұл нысандарды толық аяқтау қыруар қаржыны қажет етеді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте проблемалық нысандардың жай-күйі талқыланып, бюджет есебінен әзірленіп жатқан жобалық-сметалық құжаттамалар мен инженерлік инфрақұрылыммен (ауыз су, табиғи газ, электр қуаты) қамтамасыз ету барысы туралы баяндалды. Өңір басшысы ең өзекті деген жобалардың жүзеге асуына басымдық беруді тапсырды. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандар, яғни, ауыз су, табиғи газ, электр қуатымен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына күш салынады. 2018 жылдан бергі жобаларды жүзеге асыру туралы тапсырма берді.





