Шымкентте «Ақжол» демократиялық партиясының мүшелері бас қосты. Жиын барысында, Партия төрағасы наурызда өткен сайлау науқаны кезінде белсенділік танытқан бақылаушыларға алғыс хат табыстап, арнайы төсбелгі тақты.
Басқосуға Жамбыл, Түркістан облысы, Қызылорда облысы мен Шымкент қалалық филиалдарының өкілдері қатысты. Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен ҚР Парламенті мәжілісі мен мәслихаты сайлауында «Ақжолдықтар» да саяси додада бақ сынаған еді. Тартысты өткен науқанда белсенділік танытып, әділдік жолында аябаған «Ақжол» партиясының бақылаушыларына құрмет көрстілді. Атап айтқанда, елдің экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға еңбегім еліме және әділ сайлау үшін төсбелгілері табысталды. Жиын барысында, Партия төрағасы Азат Перуашев сөз алып, сайлаудың әділ өтуін қырағылықпен қадағалап, партияның саяси белестен абыроймен өтуіне азаматтық батылдық пен табандылық танытқан әрбір партияласына алғысын білдірді. Сондай-ақ, ҚР парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек ИСА, бұрынғыдан өзгеше өткен сайлауда қайсар мінез танытқан бақылаушылардың ерлігін тілге тиек етіп, алда талай игі істерді бірге атқаратынына сенім білдірді. Айта кетсек, жалпы Шымкентте «Ақжол» партиясының 22 мыңға жуық мүшесі бар. Бүгінде әр өңірден жиналған «Ақжолдықтар» бір мүдде жолында саяси белсенділікті жалғастырып, елдің үмітін ақтауға бар-күш жігерлерін салуға уағдаласты.










