Ұлыстың ұлыс күні -Наурыз мейрамы Үшінші мегополистің Абай ауданында да тойланды. Мерекелік шараға жиналған жұртшылық наурыз көжеден дәм татып, ойын-сауықтық бағдарламамен тыныстады. Салтанатты жиында қонақтарға ұлттық дәстүрлер дәріптеліп, арнайы дастархан жайылды.
Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелу күні. Қытымыр аяз бен қара суықтың орнына көктемгі жайма-шуақ ауа райы орнап, мыңдаған шақырымды еңсерген құстар аяулы ұяларына қайтып оралатын, тіршілік атаулы жанданып, мұз құрсауында қалған өзен-көлдер еріп, қуаттана түсетін осынау берекелі маусым — түркі халықтарының ғасырлар бойы тойлап келе жатқан басты қуанышы. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып жатқан мереке Шымкенттегі Абай ауданында да атап өтілді. Салтанатты шарада аудан әкімі сөз алып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Наурыз мейрамы — көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі, бүгінде Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Осындай ауқымды көлемде қолға алынған мерекеге келген қала тұрғындары, қуаныштарымен бөлісіп, ақжарма тілектерін арнады. Мерекелік бағдарлама аясында, киіз үйлер тігіліп, келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылды. Түрлі мекеме мен ұйым өкілдері дәстүрлі тағамдар көрмесін ұйымдастырып, салт-дәстүрге сай тағам өнімдерінің көрмесін өткізді. Қала қонақтары мен тұрғындары мерекелік астан дәм татып, ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті. Атаулы шарада, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері де қала тұрғындарын құттықтап, Наурыз мейрамы жайында өлең жолдарын көпшілікке арнады.










