Шымкенттегі №41 жалпы орты мектепте «Аманат» партиясы Еңбекші аудандық филиалы өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Шара барысында спикерлер Президенттің соңғы жолдауын саралап, оны іске асыру бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, Жаңа Қазақстанның жаңа бағыттарына тоқталып, мемлекет басшысы бекіткен негізгі реформаларды тізбектеді.
«Аманат» партиясының жергілікті өкілдері ұйытқы болған шараға №41 жалпы орта мектебінің оқытушылар ұжымы мен басшылығы қатысты. Жиынға келгендер ел президенті айшықтаған реформалардағы басты тармақтарды тілге тиек етіп, ұстаздың ондағы рөлі жайлы баяндама оқыды. Бұл ретте мемлекет басшысының әлеуметтік саясатты күшейтіп, білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға, барлық әлеуметтік төлемдердің индекстелуі ел дамуының жаңа сатысы екендігі айтылды. Айта кетсек, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында өзінің халыққа жолдауын жариялаған болатын. Ондағы негізгі бағыттардың барлығы қазақстандықтардың ең өзекті мәселелерін қозғап, сауалдарға нақты жауап берді. Яғни, ел тұрғындарының басты мәселелері мемлекет деңгейіне дейін көтеріліп, толғандырған түйіндердің шешімі қоғамға жаңа серпіліс әкелді. Бұл Мемлекет басшысы бекіткен Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының негізгі рөлі екені мәлім.
Шараға арқау болған жолдаудың маңызды тармағы — ұстаздардың мәртебесі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ретте ұстаздар қауымына жасалатын қамқорлықтың айрықша болатынын атап өткен болатын. Олардың жалақысы мен қоғамдағы беделі жоғары болатынына кепілдік беріп, тиісінше заңға өзгерістер де енгізілетін баса айтты. Бұған байланысты жиынға келгендер президент реформасындағы ұстаз мәртебесіне тоқталды.
Президент сайлауы алдағы қараша айында өтеді деп жоспарланып отыр. Бүгінгі жиынға келгендер ел бастамасын қолдайтындықтарын жеткізіп, саяси науқанға белсене қатысатын болып тарқасты.
«Айғақ» ақпарат










