Тамыз айының алғашқы күнінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрттың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Аудандағы келісімшарт құны 660 мың теңгені құрайтын КХ-45 “Айнатас-Қақпақ” автожолының құрылысын көрген әкім жауапты мекемеге ескерту де берді. Түркістан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен қолға алынған жөндеу жұмыстарын аяқтау келесі жылдың еншісінде екен.
Бүгінде Шарбұлақ ауылдық округінде “Сапа-2002” ЖШС-нің диқандары егін ору жұмыстарын күшейткен. Аталған аумаққа барған әкім жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, егістікті әр тараптандыру бағытында пікір алмасты. Қазығұрт ауданының әкімінің сөзінше, биыл ауданда 90 мың гектардан астам жерге егіс егілген. Бүгінде 70 пайызға жуығы қамбада. Егіс түсімі былтырғы жылмен салыстырғанда біршама көп.
Жер көлемі 6 мың гектарды құрайтын “Сапа -2002” серіктестігі 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Серіктестік элиталы астық тұқымын өсіруден бөлек қазақтың асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты қойы, меринос қойларын өсірумен де айналысады.
Облыс әкімі “Ынтымақ” өндірістік кооперативі салып жатқан шағын су электр станциясының құрылысын бақылады. 2 гектар аумақты алып жатқан станцияға 400 млн теңге инвестиция құйылған.













