20 шілде — бүкіләлемдік шахмат күні. Атаулы күнге орай бүгін қаламыздың шахматшыларына гроссмейстер Гүлісхан Нахбаевамен бірсеанстық шахмат ойыны өтті. Еліміздің шахмат астанасы атанған мегаполисте зиялы әрі интеллектуалды орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған ойынға шахматшыларды қолдай келгендердің қарасы қалың.
Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Гүлісхан Нахбаева ұлтымыздың қаракөздерінің арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер. 16 жасынан-ақ жасөспірімдер арасында Азияның жеңімпазы атанған спорт шебері бүгінгі бір сеанстық ойынға арнайы шақыртылған.
«Visit Shymkent» орталығының қолдауымен өткен шараға спорт шеберімен бақ сынай келген қатысушылар — туристік индустрия өкілдері. «12 ойыншымен бір уақытта шахмат ойнау мен үшін қиын емес» деген чемпион шахмат ойыны жайында құнды ақпараттармен де бөлісті.
Сондай-ақ, 2021 жылы «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін қалыптастыру аясында шахматтан 8-18 жастағы жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионат үшінші мегаполисте өткен еді. Алдағы уақытта осы сынды шаралар өз жалғасын таппақ. Әйелдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Ерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған тұңғыш қазақ қызына Ченнай қаласында өтетін Дүниежүзілік олимпиадада сәттілік тілейміз!