Түркістанда «Қамқорлық» балалар оңалту орталығының ашылу салтанаты өтті. Оңалту орталығы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдап, ем-дом көрсетеді. Маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы заманауи үлгіде салынған. Оңалту орталығының төсек орын саны 50 күндізгі және 10 тәуліктік болып жабдықталған. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар. Қазіргі таңда мұнда 1-14 жас аралығындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларға көмек көрсетіліп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты Түркістан облысы әкімдігінің кешенді жоспары бекітілген. Жоспардың 3-бөлімінде балалардың және мүмкіндіктері шектеулі балалардың денсаулығын нығайту мен қорғау шараларын іске асыру жоспарланған. Балалардың денсаулығын жақсарту, мақсатында Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы балаларға арналған оңалту төсек орындарын көбейтуде. Қазіргі таңда 613 оңалту төсек-орны бар, соның ішінде балаларға арналған үш оңалту оталығы, бір шипажай мен екі «Қамқорлық» орталығы қызмет атқарып жатыр.













