Мемлекет басшысының өкімдерімен Наталья Григорьевна Дементьева және Тауфик Акрамович Каримов Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды. Ал осы лауазымдағы Майя Толегеновна Бекбаева және Закиржан Пирмухамедович Кузиев қызметінен босатылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына ҚХА атынан ұсынылатын депутатты сайлауға қатысып, дауыс берді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Конституцияға өзгертулер енгізуді ұсынған болатын. Осы ретте ҚХА квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, депутаттар саны 9-дан 5-ке дейін қысқарады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлауы Нұр-Сұлтан қаласының аумақтық сайлау комиссиясында өтті. Дауыс беретін 527 сайлаушының ішінен 425 қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің ең көп дауысын жинаған (60,94%) депутат — Кузиев Закиржан Пірмұхамедұлы.
Республиканың барлық облысынан келген Ассамблея мүшелері өз таңдауын жасап, “Саяси реформалар және жалпыұлттық бірлік. Жаңа Қазақстан және ҚХА жаңғыруы” тақырыбындағы секция отырысына қатысты.
Осы тұста айтып өтсек, ҚХА кезекті сессиясына Түркістан облысынан — 31, Шымкент қаласынан -21 мүшесі қатысты.
Ертең, 29-сәуірде Мемлекет басшысының қатысуымен ҚХА-ның ХХХІ сессиясының отырысы өтеді.