Халықтың аманатын арқалаған жетекші партия Ордабасы ауданында. Бұл жолғы қоғамдық қабылдау әлеуметтік ахуалы өзгелерден озық орталықта емес, әлеуеті әлсіреп, дамудан қалыс келе жатқан Жеңіс ауылында өтті.
Мобильді қоғамдық қабылдауда халықпен жүздесіп, уәжін тыңдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсенбай Тәжібаев, «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов, Түркістан облыстық және Ордабасы аудандық мәслихатының депутаттары, облыстық басқармалар қатысты.
Ауылдың көркін ашып, күпті болған халықтың көңілін жақсарту үшін мектеп, спорт алаңшалары, ішкі жол құрылысы, субсидия, жайылым жер, ұялы байланыс пен сапасыз интернет мәселесі шешілуі керек-ақ. Дегенмен, қабылдауға келген ауыл тұрғындары өзге аймақтар секілді көшеге жарықшам орнату, абаттандыру сынды жұмысты сұрамады. 2500 халқы бар Жеңіс ауылы сырқаттанып, жан қиналғанда орталыққа шапқыламай, керекті дәрі-дәрмекті ауылдан алсақ дейді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы мәселелер де халықты әбден шаршатқан.
Тұрғындардың талап, өтінішіне басқарма, бөлім басшылары жауап беріп, күрделі мәселелерді партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасарына тапсырды.
Партияның Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың айтуынша өңірлік филиалдың қабылдау бөлмелеріне 2021 жылы 22 600-ден астам өтініш келіп түскен. Қарау нәтижелері бойынша 70%-ы оң шешілді. Ал, биылғы жылдың 3 айында 4400-ге жуық шағым қабылданып, оның 48,8%-ы (2146) оңтайлы шешімін тапқан.
Қабылдау аяқталған соң бас қаладан келген бас партияның өкілі аудан көлеміндегі мәселені жергілікті әкімшілікке тапсырып, күрмеуі қиын тақырыптардың республикалық деңгейде қаралатындығын жеткізді.
Құрғақ сөз, орындалмайтын уәдеден шаршаған халық атауының өзі үлкен жауапкершілікті талап ететін партиядан үлкен үміт күтеді!