Қазақстанда аяқ киімді міндетті түрде цифрлық таңбалау өткен жылдың қараша айында басталды. 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін кәсіпкерлерге таңбаланбаған аяқ киімдерді сатуға рұқсат етілді, одан кейін сөрелерде цифрланған аяқ киім ғана қалуы керек болатын, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Енді, кәсіпкерлердің өтініштеріне байланысты, Қазақстанға 2021 жылдың 01 қарашасына дейін әкелінген аяқ киімдерді таңбалау мерзімін 2023 жылдың 01 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.
Бұған дейін, саудагерлерге ыңғайлы болу үшін, аяқ киімнің салмағы мен өлшем сипаттамаларын толтыруға және фотоларын салуға қойылатын міндетті талаптар жойылған болатын.
Сонымен қатар, шағын бизнесті қолдау мақсатында 2022 жылдың 1 наурызында таңбалау жобасының операторы қалған аяқ киімдерді тегін таңбалау акциясын бастады. Акцияға қатысуға өтінімдер 2022 жылдың 1 маусымына дейін қабылданады. Акция барысында кәсіпкерлер таңбалау кодтарын оператордің есебінен шығаруға мүмкіндік алады.