Төлеби ауданында 120 отбасы баспаналы болды! Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев таулы өлкеге арнайы іс-сапармен келіп, Ленгір қаласының І мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен құрылысы аяқталған тұрғын үйлердің кілтін тапсырды.
Өмірзақ Естайұлы жаңа пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
» Бүгін міне, жаңа үйге қоныс аударып, «Қоныс тойын» жасап жатырсыздар. Пәтерлеріңіз құтты болсын. Табалдырығынан жаңа аттағалы тұрған қоныстарыңыз берекелі,ырысы мол, Қыдыр қонған үлкен үйге айналсын. Шаңырақтарыңызда тек қана той болсын дегім келеді, деді құттықтау сөзінде облыс әкімі
Тұрғын үй кезегінде тұрып, баспанаға қол жеткізгендердің қуанышында шек жоқ. Пәтерге ие болғандар атынан көпбалалы Урсбаева Гулсара мемлекет қамқорлығы нәтижесінде қол жеткізген шаңырақтары үшін аудан және облыс басшысына ыстық лебізін жеткізді.
Айта кетейік, жалпы Төлеби ауданында барлығы – 4520 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тіркелген. Оның ішінде:
— Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында – 310;
— Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатында – 1934;
— Көп балалы отбасылар санатында – 807;
— Мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында – 1469 азамат бар.
Бүгінгі күнге, 20 пәтерлік 6 дана көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, Заң талаптары мен кезектілік сақтала отырып «халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санатындағы – 60, «ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатындағы – 3, «Көп балалы отбасылар» санатындағы – 57, барлығы – 120 отбасы тұрғын үймен қамтылып отыр.