Түркістан облыстық мәслихатының кезекті ХІІІ сессиясы өтті. Ресми жиынға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, басқарма басшылары, аудан әкімдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Күн тәртібіне қойылған 26 мәселені талқылаудан бұрын облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы алда келе жатқан ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының бірқатар депутаттарына “Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл” төсбелгісін тақты.

Күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша басқарма басшылары баяндама жасап, бұған дейін тұрақты комиссия отырысында кеңінен талқыланған мәселелер бірауыздан қабылданды. Сондай-ақ жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының бос орнына “Nur Otan” партиясынан Базарбай Мұсабеков пен Бекжан Айтқұлов сайланып, кәсіпкерлікті, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның қатарына қосылды.

Жиын соңында Шөкеев сөз сөйлеп, күн тәртібінде қаралған мәселелер қолдау тапқанына алғыс білдірді. «Облыстың негізгі даму көзі — бюджет. Ол бойынша кірістер көбейіп, экономикалық өсім артып келе жатыр. Түркістан облысын дамытуда алда үлкен жобалар тұр. Оны бірліктің арқасында бағындырамыз”,-деді өңір әкімі.
«Айғақ ақпарат»