70 мыңға жуық тұрғынды сапалы электр қуатымен қамтуға қауқарлы энергокешен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен іске қосылды. Шаһар басшысы қаламызды сапалы электр қуатымен қамту маңызды міндет екенін екенін атап өтті.
«Қаланың энергетика саласын кешенді түрде жаңғырту бастамасы қолға алынды. Бес жылда 10 қосалқы электр станциясы салынады. Биыл «Бозарық» қосалқы станциясы іске қосылды. Бүгін «1-М-1» станциясы жұмысын бастады. Бұл жоба 4 елді мекеннің 70 мыңға жуық тұрғынын сапалы электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді»,- деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
«1-М-1» қосалқы электр станциясының құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Бұл кешен «Бозарық» станциясынан қуат алады, жалпы ұзындығы 5,2 шақырымдық 110 кВ қорек желісі тартылған.
4,6 млрд. теңгелік жобаның құрылысын «Электромонтаж» АҚ жүргізді.
«1-М-1» қосалқы электр станциясының іске қосылуымен «Асар-2» шағын ауданындағы 2765 абонентке сапалы электр қуаты берілді. Бұған дейін тұрғындар жекеменшік трансформатордың қызметін пайдаланып келгенін айта кеткен жөн.
Ал, «Солтүстік саяжай», «Қайнарбұлақ», «Достық» елді мекендеріне сапалы электр энергиясы ішкі орамдық желілер құрылысы аяқталғаннан кейін беріледі
Шымкент қаласында биылғы жылы электр қуатының сапасы төмен 16 елді мекенде электр желілерінің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 7 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталатын болады.