Түркістан облысында жалпы ұзындығы 321 шақырымды құрайтын жол ағымдағы жылдың соңына дейін ақылы негізге ауысады. Ақылы жолдар 3 бағытты қамтиды. Олар: «Шымкент-Ташкент» бағыты – 84 шақырым, «Шымкент-Қызылорда» бағыты – 195 шақырым, «Шымкент-Тараз» бағыты – 42 шақырым. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Түркістан облыстық филиалының директор орынбасары Нұржан Беков мәлімдеді.
Оның айтуынша, көлік құралдарының транзитін үздіксіз бақылауды қамтамасыз ететін қажетті жабдықтарды орнату жұмыстары толығымен аяқталған. Ол көліктердің транзиттік өтуін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Жол бойларында шлагбаумдар болмайды және қозғалыс шектелмейді. Түркістан облысының аумағында барлығы 11 аралық бақылау аркасы орнатылған. Ақылы негізге ауысқанға дейін аталған жолдардың сапасы талапқа толық сәйкестендірілмек.














