Қызылорда облысы академик, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Уәлихан Бишімбаевқа құрмет көрсетті. Ең әуелі Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қабылдап, ғұмырын білімге арнаған азаматқа алғыс айтты. Аймақ басшысы Уәлихан Қозыкеұлының ел Тәуелсіздігін нығайтуға, отандық білім мен ғылымының дамуына қосқан ерекше еңбегін атап өтіп, зор денсаулық және шығармашылық табыс тіледі.
— Сіздің тәжірибеңіз, ақыл-кеңесіңіз жастар үшін қашан да аса қымбат. Білімдарлық, жоғары талапшылдық пен еңбексүйгіштік сынды асыл қасиеттеріңіздің арқасында Ұлттық ғылым академиясының академигі атанып, Мемлекеттік сыйлық иегері болдыңыз. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде көптеген өзекті мәселелерді көтердіңіз.
Облысымызда Сіздің бастамаңызбен Жамбыл гидромелиоративтік–құрылыс институтының Қызылорда филиалының негізі қаланды. Бүгінде осы оқу орнын еліміздің көптеген жастары бітіріп, түлектер түрлі салада табысты еңбек етуде. Бұның бастауында өзіңіз тұрсыз», — деді Қызылорда облысының әкімі.
Басқосуда білім мен ғылымына сіңірген еңбегі үшін академикке Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табысталды.
Сондай-ақ, бүгін Қызылорда қаласындағы Қорқыт университетінде Уәлихан Бишімбаевтің құрметіне академик атындағы дәрісхана ашылып, ғылыми-танымдық конференция өтуде.