Осындай салтанатты іс-шара Сайрам ауданында да ұйымдастырылды. Сайрам аудандық мәслихатының хатшысы Шамхат Халмұрадов пен «Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмас Әбдіқадіров «Еңбек» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, мағлұмат берді. Кәсіпкер Жаңабай Ағабеков солтүстік өңірлерге көшкен тұрғындарға мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, ең бастысы, жұмыс істеуге ниетті азаматтар жұмыспен қамтылатынын, баспаналы болуға да мүмкіндік мол екенін жеткізді.
2021 жылдың басынан бері «Еңбек» бағдарламасы бойынша Түркістан облысынан 412 отбасы, 1792 адам қоныс аударған. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, көші-қон бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасады. Барлық аудан, қалада «Еңбек» бағдарламасын насихаттау, түсіндіру бойынша «Ашық есік күндері» ұйымдастырылған.
