Пара дзюдодан 60 килоға дейінгі салмақтың финалында Әнуар Сариев әзірбайжандық Вугар Ширинлимен шеберлік байқасып, қарсыласына жол берді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Осылайша, Әнуар Сариев Паралимпиада ойындары тарихында пара дзюдодан Қазақстан еншісіне алғашқы жүлдені салды.
Айта кетейік, отандасымыз бәсекені ширек финалдан бастап, моңғолиялық балуан Ядамдорж Сухбаатарды (ваза-аримен) ұтқан. Ал жартылай финалда венесуэлалық Маркос Бланконы таза жеңді. Әзірбайжандық пара дзюдошы «Ниппон Будокан» аренада әуелі түркиялық Реджеп Джифтчиден, сосын румыниялық қарсыласы Алекс Бологадан айласын асырды.
Қола жүлдеге түркиялық Реджеп Джифтчи мен румыниялық Алекс Болога ие болды.
Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде бір алтын мен бір күміс жүлде бар. Жалпыкомандалық онлайн кестеде 16-орынға көтерілді.