Арыс қаласында 2019 жылғы 24 маусымда орын алған жарылыстың зардабын жоюға қатысқан барша азаматтар мен өңірлерге алғыс ретінде «Қазақ еліне алғыс» мемориалды тақтасының ашылу салтанаты өтті. Шараға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында сөз алған шаһар басшысы жаңа нысанның мән-маңызына тоқталды.
«Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстары Елбасы Н.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың, ҚР Премьер Министрі А.Маминнің, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей бақылауында болды. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлініп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарға бекітіліп, жауапты әкім орынбасарлары белгіленген болатын. Облыс әкімінің басшылығымен тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы қайта қалпына келтіру мақсатында 17 штаб құрылды. Аз ғана уақыттың ішінде зақымданған ғимараттар қайта қалпына келтіріліп, жолдар жаңарды. Жаңа нысандар бой көтерді. Арыс қаласы жаңа кейіпке енді. Бұл бүкіл елдің жұмыла кірісіп, бірлікпен атқарған ісінің нәтижесі. Сондықтан Арыс қаласы, облыс тұрғындары атынан осындай алғыс айтуға арналған кешеннің ашылуы орынды», — деді Гүлжан Мамытқызы.
Мемориалды-тақтаны жасаған жергілікті мүсінші Мүтәліп Күздеубаев. Тақтадағы мәтін авторы жергілікті ақын Мыңжасар Дәрменов.