Шымкентте алғаш рет аутизмі бар балаларға арналған мемлекеттік негіздегі оңалту орталығы ашылды. Мұндағы мамандар ерекше балалардың әрқайсысымен жеке жаттығу жасап, қоғаммен бірге өмір сүруіне жағдай жасайды. Ең бастысы тегін қызмет көрсетеді. Орталықтықтың салтанатты ашылу іс-шарасына мегаполистің бас дәрігері қатысып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі. Шымкент қаласы психикалық денсаулық орталығына қарасты оңалту мекемесінде диагностика, сенсорлық интеграция, сонымен қатар шетелдің алдыңғы қатарлы технологиялары бойынша біліктілігін арттырған психолог, дефектолог, логопед және әлеуметтік педагогтар жұмыс істейді. Мұнда бір балаға арналған оңалту курсы үш жарым айға созылады және барлық қызметтер тегін жүргізіледі. Мамандардың сөзіне құлақ түрсек оңалту орталығында ем қабылдаған балалардың 60% дертінен айығуына мүмкіндік бар деп отыр.
Емдеу мекемесіндегі мамандар психоневрологиялық патологиясы бар балаларды емдеу үшін – педагогикалық түзету, музыкалық терапия, кәсіби терапия, ойын терапиясы бойынша емдеу курсын жүргізеді. Айталық қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша аутизмі бар 200-ден аса бала тіркелген. Ал аталған оңалту орталығында қазіргі таңда 65 бала тиісті ем алуда.
Нұрила Зулфихарованың баласы қазір 5 жаста. Айтуынша аталған орталық дәрігерлерінің біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында баласының беті бері қараған. Мұндай мүмкіндік өзім сияқты баласын жетектеген ата-ана үшін үлкен көмек дейді. Себебі осы уақытқа дейін аутизм дертіне шалдыққан сәбилердің ата-анасы алысқа ат арылтып, қыруар қаржы жұмсаған. Айта кетейік орталық бір күнде екі ауысымда жұмыс істейді. Бір ауысымның өзінде мұндағы мамандар 20 балаға оңалту емін жүргізеді.