Сапар барысында М.Тілеубердіні Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдады. Министр Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылғы 31 наурызда Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитіне шақыруды тапсырды. Сондай-ақ, Түркия басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке жолдауы табыс етілді.
М.Тілеуберді өз сөзінде Түркия Еуразия құрлығындағы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі болып табылатынын атап өтті. «Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтеміз. Бауырлас халықтарымыздың арасындағы мызғымас достық пен жоғары деңгейдегі саяси диалог біздің өзара тиімді стратегиялық әріптестігімізді тереңдетуге толық мүмкіндік береді», — деді Қазақстан СІМ басшысы.
М.Чавушоглу, өз кезегінде, Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының берік негізі мықты экономикалық байланыстар болып табылатынын және оларды қолда бар барлық әлеуетті пайдаланып, нығайту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, түрік министрі Қазақстан «барлық түріктердің тарихи отаны» екенін және Түркия біздің халықтарымыздың арасындағы рухани байланыстарға үлкен мән беретінін атап өтті.
Сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара табысты іс-қимыл ерекше атап өтілді. Коронавирустық пандемияға қарамастан, екі жақты тауар айналымы 3 млрд. АҚШ долларынан асты және тараптар бұл көрсеткішті 10 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізуге ниетті.
