Түркістан облысында ауа-райының күрт өзгеріп, толассыз жауған жаңбырдың соңы қалың қарға ұласып, облыстық маңызы бар жолдар жабылған болатын. Созақ ауданы, Құмкент елді мекенінің жанында, облыстық маңызы бар «Созақ – Тараз» тасжолының 45 шақырымында, көктайғақ салдарынан жолдың шетіне «YUTONG» жолаушылар тасымалдайтын автобусы шығып кеткен. Бұл жайлы хабарлама 101 кезекшілік пультіне келіп түскен, — деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына жеткен Түркістан облысы ТЖД 15 қызметкері мен техникасы «YUTONG» автобусын жолдың тазартылған бөлігіне алып шықты. Автобус ішінде 29 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды. ТЖД құтқарылған адамдарды Шолаққорған ауылына жеткізу барысында жолда Құмкент ауылында қар құрсауында қалып қойған 4 адамды, оның ішінде 1 жүкті әйелді, 1 баланы құтқарды.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 14 наурыз күні барлық құтқарылған 33 адам Шолаққорған ауылына жеткізілді. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ.