Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов өз еркімен жұмыстан кетті, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі.
Бұған дейін еңбек демалысында жүрген Еркеғали Әлімқұлов фейсбуктағы парақшасында қызметінен өз еркімен босатылғандығы туралы жазды:
«Құрметті достар.
Өзімнің туған жерім Оңтүстік өңірінде 4 жылға жуық атқарған жұмысым аяқталды.
Әрине бұл менің мемлекеттік қызметтегі 18 жыл уақытымның ішінде мүмкін көп емес шығар, бірақ өз туған өңіріңде қызмет ету ерекше бақыт.
Осы өңірде 5 әкімнің (Атамқұлов, Түймебаев, Әбдірахымов, Айтаханов, Әйтенов) аппаратында қызмет етіп, өңірдің дамуына өз үлесімді қосқаныма «Аллаға» шексіз ризамын.
Барлықтарыңызға амандық, саулық тілеймін. Шымкент, Түркістан өңірлері қарқындап дамып, халықтың әл-ауқаты өсе берсін. Сүйікті Отанымыздың әр өңірі дами берсін деп тілеймін.
Амандықта жолығайық достар» — деген фейсбуктағы постында.
Еркеғали Амантайұлының мамандығы бойынша біліктілігі – заңгер, экономист.
Еңбек жолын 2003 жылы Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің жетекші маманы ретінде бастаған. 2007-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетінің бөлім бастығы, Тауарлар нарығын мониторингілеу басқармасы бастығы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясы бастығы, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымында да еңбек етті.