Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният араға 21 күн салып, коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырды. Вице-министрлер вакцинаның бірінші, екінші дозасын да Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емханада қабылдады.
«Баршаңызды коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдыруға шақырамын. Екпе мүлдем ауырмайды және қауіпсіз. Вакцинация алдында медицина қызметкері пациентті міндетті түрде тексереді, вакцинациядан кейін адам 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Мен екі дозалы вакцинаның толық курсын алдым, енді өзімді қауіпсіз сезінемін», — деді ҚР Бас санитарлық дәрігері.
Ол профилактикалық егудің мақсаты ұжымдық иммунитет қалыптастыру екенін еске салды. COVID-19 қарсы вакцинация — қауіпті инфекциямен күресудің тиімді әдісі және қатаң шектеулердің жалғыз баламасы.

