Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Онда ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандары туралы деректерді зерттеу керектігін жазған болатын. Сол мақаланың аясында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Тұрағұл Абайұлына арналған шара өтті. Ұлы ақынның ұлына ескерткіш орнату мақсат болып тұр.
Қуғын-сүргінге ұшырап, азап шеккен ақын Абайдың ұрпағы – Тұрағұл. Семейден Шымкентке жер аударылып, мәйіті қайда қалғаны белгісіз тұлға жайында бүгінде түрлі деректер айтылып жүр. «Сүйегі бұрыңғы «Химфарм» зауыттың орнында болуы мүмкін деген болжам тарихи фактіге үйлеседі. Олай болған жағдайда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сол жерден ескерткіш орнатсақ»-, дейді Мұхтартану ғылыми-зерттеу орталығының маманы Әзімхан Исабек.
Шымкент қаласы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Алдонғарқызы Президенттің тапсырмасы қолға алынғанын айтты. Тізім жасалып, архивтер ақтарылып, жазықсыз жапа шеккендерді ақтау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты.
Әке мұрасын жинап, қазақ тіліне құнды мұра қалдырған Тұрағұлдың өмірі – ауқымды зерттеуді талап етеді. Бүгінгі шара осы істің бастамасы болып отыр.aigak.kz