«Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» және «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары жанданбақ. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы, Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы және «Шымкент қайырымды қала» әлеуметтік даму корпоративтік қорының бірлескен жиынында айтылды. Үшжақты келісімге келген, өзара тең құқыққа ие болған бұл бастаманың мақсаты айқын.Әлеуметтің мәселесі қашан да өзекті. Алқалы жиында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, қатары азайып қалған ардагерлерді ұлықтауға негізделген ынтымақтастық пен серіктестік меморандумы екенін айтты.Аймақта оңалту орталықтарының жетіспейтіндігін айтқан Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы қауымдастығының төрағасы Жұмағали Білісбеков қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың жас шамасы бойынша цифрлық көрсеткішке тоқталды. «Өткен жылғы есеп бойынша қалада – 36 833 мүгедек тіркелген. Оның 30 433-і ересектер, 6405-і балалар. Мұның ішіндегі жұмысқа жарамды ІІ топтағы мүгедектер – 14 920, ІІІ топтағысы – 12 229. Еңбекке жарамды адамдарды қызметке тартуымыз керек»,-деді Жұмағали Білісбеков.Үш тарап та халық игілігі үшін жасалатын кез келген істі қолдауға ниетті екенін білдіріп, бірлескен жұмысқа белсене кірісетіндіктерін жеткізді. Айғақ-ақпарат