
Жастайынан тәртіп пен жауаптылыққа бейімделген ауған соғысының ардагерлері әнұранның музыкасы басталған сәтте қаз-қатар тізіліп, кезінде қару ұстаған қолдарын жүректеріне қойып, қосыла шырқады.
Ауған жерінен кеткеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл соғыс майдангерлердің мәңгілік жан-жарасына айналды. Жалындап тұрған жас шағында мыңдаған азаматтар жат елде жан тапсырып, майданнан түрлі жарақатпен оралды. Өкініштісі сол, оқ пен оттың ортасынан аман оралғандардың саны күннен-күнге сиреп барады. Десе де, ерлікті ескеріп, естен шығармай ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету іс-шарасы «PETRO KAZAKHSTAN OIL PRODUCTS» мекемесінде дәстүрлі түрде өз жалғасын тапты. Айтулы іс-шарада мекеме тарапынан ардагерлерге арнайы сыйлықтар табысталып, ақшалай сыйақылар үлестірілді.
«PETRO KAZAKHSTAN OIL PRODUCTS» ЖШС-да жалпы саны 14 ауған соғысының ардагері қызмет етеді. Берер тәлімі мол тарихтың тірі куәгерлерінің бірі – Дәулет Әбдірасилов. Небәрі 18 жасында майданға аттанған ол үшін — бұл соғыс көңілде қайғы болып қатталып, қасірет болып жатталып қалған. 4 перзенттің әкесі Дәулет Әбдірасилов бүгінгі іс-шараға 18 жасында алғаш киген әскери киімін киіп келді. Ол өз сөзінде 32 жыл өтсе де, бұл киімнің мен үшін орны ерекше деп атап өтті. Себебі, ауған жеріндегі зымырай өткен 2 жыл ішінде оған қан мен тер сіңген. Сонысымен ерекше дейді.
Иә, «Ел барда, ер қор болмас, Ер барда, ел қор болмас». Елім деп еңбектеп ерлік қылған азаматтарға зауыт мекемесі осылайша ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, Ауған жерінде жауынгерлік міндетін абыроймен атқарған ардагерлердің зауыт ұжымына айтар алғысы шексіз.
