Нұр отан партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкент қаласын дамытудағы Жол картасы 10 бағытта жүзеге асырылады. Бұл туралы кезектен тыс ХLI конференциясында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мүлкеманов мәлімдеді.Бес жылдық жобалардың қатарында тұрғындарды баспанамен қамту, шалғай елдімекендерді толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қаладағы шағын және орта бизнесті дамыту, жол және қоғамдық көліктерді жаңғырту, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу қарастырылған. Мәселен, мегаполисте 5 жылда 74 білім ордасы бой көтереді.
Сондай-ақ 3 мыңға жуық көпбалалы ана баспанамен қамтылып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдайдар жасалады. Ал, Шымкенттің қатарына облыстан қосылған шалғай елдімекендерге ауыз су мен табиғи газ, сапалы электр қуатын жеткізудегі жұмыстар партияның бақылауындағы ең өзекті мәселе болмақ.