Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков халыққа онлайн форматта есеп берді. Өткен жылды қорытындылап, 2021 жылдың жоспарларын тұрғындар алдында талқылаған әкім әлеуметтік-экономикалық даму бағытында біршама жұмыстардың қолға алынғандығын айтып берді. Мәселен жалпы өңірлік өнім көлемін 94 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Яғни, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 107% жоғары. Сонымен қатар, биыл аудан бюджеті 22 млрд. 843 млн. теңгеге, оның ішінде даму бюджеті — 2 млрд. 559 млн теңгеге бекітілді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде бір жерден екі өнім алатын 257 шаруашылықтың тізімі жасақталды. Жалпы көлемі 505 га жерге бірінші өнімге 11 600 тонна, екінші өнімге 9 616 тонна көкөніс, бақша, картоп, жүгері өндіру жоспарлануда.
Ал аудандағы 57 елді мекеннің 7 ауылы өткен жылы табиғи газбен қамтылған. Бүгінгі таңда аудан халқын 100% газбен қамту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 20 елді мекенді газдандыру мақсатында жобалық- сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алмақ. Айталық, ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен аудандық орталық ауруханасының ғимаратын 1 млрд. 210 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Сондай-ақ, қазақтың сырттаны атанған күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай қазақ даласы батырының атына мемориалдық кешен салынатын болды.
Жиынға ауыл ақсақалдары мен басқарма басшылары, сондай-ак, мәслихат депутаттары да қатысты.
Айғақ-ақпарат