Онкологиялық аурулар дүние жүзіндегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің біріне айналып отыр. Бұл дертке кез келген жастағы адам шалдығуы мүмкін. Сала мамандары қатерлі ісік жастардың бойында тез өсетіндігін, ал 65 жастан асқандарда баяу жүретіндігін айтады. Обыр ауруының қауіптілігі сол, дерттің бастапқы сатыларында ауырсыну белгілері білінбейді. Ендеше, 6-шы ақпан күні ашық есік күнін өткізетін Шымкенттегі онкологиялық орталық мамандарынан тегін кеңес алып қалыңыз.
Мамандар қазіргі таңда ең көп кездесетін онкологиялық аурулар: сүт безінің қатерлі ісігі, асқазан обыры, өкпенің қатерлі ісігі, жатыр мойнының және ұйқы безінің қатерлі ісігі екендігін айтып дабыл қағуда. Сонымен қатар, денсаулық жанашырларын қазір бұл ауру түрінің жастар арасында белең алуы алаңдатады. Қатерлі ісікке шалдыққандардың ең жасы– 20-24 жас аралығындағылар екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, онкологиялық аурулардың әрбір үшіншісінің алдын алуға болады екен. Қаламыздағы орталықта бұрын бес адамның бірі емделіп шыққан болса, қазір екі адамның бірі дертінен айығып кетіп жатыр. Өткен жылы қатерлі ісік ауруымен – 1216 адам тіркеліп, олардың 91% жазылып шыққан. Ал 2019 жылы – 1260 адам тіркелген. Қатерлі ісікпен күресуге байланысты шаралардың септігі мен тұрғындардың дәрігерге дер кезінде қаралуы арқасында көрсеткіш біршама төмендеген. Мамандар аурудың басты себебі – уақытты өткізіп алу дейді. Сондықтан жылына бір рет болсын алтыннан қымбат уақытыңызды баға жетпес байлығыңызға бөліп тұрыңыз.
Айғақ — ақпарат