Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың дәрігерлері қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа алғаш рет жасанды буын қою отасын жасады.Осыдан тура бір жыл бұрын 21 жастағы Умитжан Талоповтың аяғында ісік пайда болған. Жас жігіттің аяғындағы ісік үлкейіп, салдарынан төсек тартып қалған. Бір апта бұрын орталықтың мамандары тізе буынын эндопротездеу операциясын жасап шықты. Бұған дейін мұндай ота Алматыдағы онкологиялық институтта ғана жасалып келген. Ресейлік мамандардың тәжірибесін игеріп қайтқан дәрігерлер енді қаламызда аталған отаны жүргізе алады.Бір жылдан бері бармаған жері, баспаған тауы қалмай, еңсесі түскен емделуші: «Бар арманым бұрынғыша өз аяғыммен жүру болатын»-дейді. Бір ай бұрын орталыққа туыстары арқалап келген азамат бүгін өз аяғымен үйіне шыққалы жатыр.
Операция кезінде медицина мамандары науқастың аяғындағы ісікті алып тастап, орнына жасанды буын қойып берді.Мұндай күрделі отаны шымкенттік онкологтар алғаш рет әрі сәтті өткізіп, аймақтағы онкологиялық диспансерлердің арасында көш бастады.
Елімізде ғана емес, бүкіл әлемде онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Оның айқын дәлелін бүгін көріп те отырмыз.