Шәкен Ниязбековтің құрметіне «Ту — Тұғыр» ескерткіші бой көтерді. Мемориалдық кешен «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» транзиттік автожолының бойында, Тараз қаласының маңындағы, Бесжылдық ауылының іргесінде салынды.
Шәкен Ниязбековтің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында еңсе тіктеген ескерткіштің биіктігі 23 метр. Құрылысы аяқталуға таяу. Еске алу мемориалдық кешенінің авторы Жомарт Сәтбайұлы Қонысбаев. Ескерткіштің құрылысына Жамбыл облысының қазынасынан 41 млн. теңге қаржы жұмсалған.
Ту — елдің өткені мен ертеңі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Ту сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Әлем елдері таңдана да тамсана қарайтын көк туымыздың бейнесі көптің көңілінен шығатыны белгілі. Осындай ұлттық рәмізіміз Шәкен Ниязбековтың қыл қаламынан туындаған. Бүгінде өзінің кіндік қаны тамған «Бесжылдық» ауылына Шәкен Ниязбековтің есімі берілгелі отыр. Ұлттық рәміздеріміздің авторларын ұлықтай алуымыз керек. Айғақ-ақпарат