Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып жатыр. Осы бағытта Халыққа қызмет көрсету орталығындағы «Жеңілдік терезесін» пайдалану арқылы І, ІІ топтағы мүгедектер мен егде тартқан қариялар үйде отырып-ақ тапсырыс бере алады. Ол үшін «1414» қысқа нөмірі арқылы бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, өзі жайлы ақпарат беріп, қызметті алуға қажетті құжаттар тізімін анықтап, мекен-жайын айту керек. Осы ақпаратты алған байланыс орталығының қызметкерлері қызмет алушыға қолайлы уақытты таңдап, ақпаратты сол ауданның ХҚКО бөліміне жібереді. Ал анықталған аудан бөлімі 72 сағаттың ішінде қызмет алушының үйіне барып қызмет көрсетеді.
Халыққа қызмет көрсету орталығындағы «Өзіне-өзі қызмет қылу» секторында жеке сәйкестендіру нөмірі мен ұялы телефоныңыздың нөмірін енгізу арқылы бір реттік құпия санды алып, өзіңізге қызмет қыла аласыз. Қандай талаптарды орындау керектігі жөнінде залдағы үлкен экрандардан бейнеролик арқылы әр 2 минут сайын көрсетіп тұрады.
Халық арасында ең көп пайдаланылатын, сұранысқа ие «Топ-10» электрондық қызметтерге: электрондық-цифрлық қолтаңба алу, соттылығының бар/жоқ екендігі туралы анықтамалар, психо/наркологиялық диспансерлерден анықтамалар, тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеу, медициналық ұйымға тіркелу, жылжымайтын мүлік, көлік және коммуникация, бизнесті тіркеу және дамыту, лицензиялау және рұқсат беру, отбасы және білім жатады.
Күн өткен сайын сапалы сервиске деген қажеттілік артып келеді. Мұның дәлелі ретінде кезекті онлайн өтініш беретін «eGov.KzBot» порталын, «eGov Mobile» қосымшасын айтуымызға болады. Порталдың тағы бір артықшылығы -балаңызды балабақша кезегіне енгізе аласыз. Сондай-ақ уақытты көп алатын анықтамаларды қоғамдық қолжетімді қызметке жүгініп, кезексіз, тез ала алатындығыңыз.
