Абай ауданына қарасты Қазығұрт мөлтек ауданының Спатаев көшесі қоқыс алаңына айналғандай. Көше бойындағы бос жер телімі күл-қоқыстан бозарып барады. Өздері басқа ауамен тыныс алатындай, қоршаған ортаны қолдан ластап отырған көршілеріне жарты жыл бұрын қоныс аударған тұрғындар наразы. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, көшені тазалауға шақырғанда елеп-ескерген ешкім болмаған. Көршің жақсы болса- тынысың деуші еді. Бірақ тынысыңды тарылтқан көршілер де бар екен-ау.
Қоқыстың қақ ортасында отырған халық күн жылынып, көктем шықса бұл жерде тұру қиын екенін айтып, жауапты орындар аталған мәселеге бей-жай қарамаса екен дейді.
Қоңсысынан қолдау таппаған тұрғын жауапты әкімшілікке жүгінген. Мәселеге дер кезінде құлақ түрген Абай ауданының әкімшілігі бірден іске кірісті. Адамның өмірі табиғатпен тығыз байланысты. Қазіргі уақытта эколог ғалымдарды толғандыратын мәселелердің бірі адамзат өмір сүріп отырған «Жер-Ананы» сақтап, қорғау.
Бұл- бәрімізге ортақ міндет.