Өзбекстан Республикасының Сырдария облысындағы Сардоба суқоймасындағы бөгеттің бұзылуы салдарынан орын алған Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдың шығындары есептеліп жатыр. Жеңіс ауылы мен Жаңа Тұрмыс елдімекенін түгелдей су басқан. Ал, 2 мамыр күні 20:00-де Фердауси мен Нұрлы жол ауылының тұрғындары да эвакуацияланғандығы белгілі болды.
Егістік жерлер су астында. Бөгеттің бұзылуы салдарынан келіп жатқан су көлемі 100 кубты құрайды. Бұл туралы «Айғақ» телеарнасының тілшілеріне су деңгейінің көлемін өлшеп жүрген су шаруашылығының маманы айтып берді.
Ал, су басқан ауылға іргелес жатқан Жайлыбаев елдімекенінің халқы да сенбі күні таңғы 3-тер шамасында эвакуацияланған. Мал жанына алаңдаған ауылдың жасы үлкендері техниканың көмегімен өз күштерімен судың бағытын өзгертіп бағуда. Ондағы ойы — аз болса да төтенше жағдайдың алдын алу.
Ал, 2 мыңға жуық тұрғыны бар Жеңіс ауылы түгелдей су астында қалған. Қазір онда облыстың төтенше жағдайлар қызметі әрекет етуде. Күтуден амалы жоқ азаматтар су жағасынан әрі асып кете алмайды. Су деңгейі көпірге дейін жеткен. Дәл осы Жеңіс ауылының тұрғындары сумен бірге ағып келген Өзбекстан азаматының өмірін сақтап қалыпты. Орталық ауруханаға жатқызылған.
«Айғақ-Ақпарат» тілшілерінің бұл күндізгі тіршілікті бағамдауы болатын. Ал, 23:30-дар шамасында Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттің де тұрғындарының эвакуацияланып жатқандығын Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде жариялады.