Өршіп те, өсіп те келе жатқан коронавирус Түркістан облысына да жетті. Осыған байланысты облыста індеттің тіркелуіне байланысты брифинг өткізілді. Түркістан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінің мәліметінше 31-наурыз күні 1 адамның вирус жұқтырғаны тіркелді. Тіркелген азамат Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты. 23 наурыз күні Жетісайға Нұр-Сұлтан қаласынан өз жұмысымен іс-сапарда болып келген ол, 27 наурыз күні ыстығы көтеріліп, аурудың белгілері берілген. 30 наурыз күні ауруханаға жатқызылып, сынамалар алынған. Зерттеудің нәтижесінде, қауіпті дерттің жұққаны анықталды.
Нұр-Сұлтан қаласынан келген науқаспен байланыста болған адамдарды тексеру барысында, тағы 3 отбасы мүшесінің сараптамасы оң нәтиже берді. Қазіргі таңда, науқастар дәрігер бақылауына алынып, орташа жағдайда жатыр. Сондай-ақ, қарым-қатынаста болған барлық адамдарға стационарлық оқшауландыру жүргізіліп, емдік шаралар жасалынуда. Қазіргі таңда, Түркістан облысы аумағында инфекцияны жұқтырған 5 адам бар. Күні кеше науқас тұрған үй-жайларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Облыста Covid-19 коронавирустық инфекциядан қолайсыз елдерден келген 495 адам мониторингтік бақылауға алынған. Қауіпсіздік ошағында тиісті мамандармен және облыстық инфекционист дәрігермен эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары мен індетке қарсы шаралар жүргізілуде.
Айғақ-Ақпарат